Халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегіне жиналған, ақын өлеңдеріне арқау болған. Қара сөздің қадіріне жете мерейін аспандатқан тұлғалар есімін ұлықтау біздің қолымызда. Бүгінгі таңда мектебіміздің ұлы ойшыл, ақын Абай есімімен аталуы да осының дәлелі іспетті. Атақты ақын бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келе жатқан танымал талантты жерлес-ақындарымыз да аз емес. Солардың бірі де бірегейі, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Ниязов Мұхтар Мәуленұлымен мектебімізде «Айтыстың ақтаңгері» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Кеш қонақтары ақынның өмір жолымен танысып, сұхбат жасады. 2020 жылғы Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегері, «Буыршын белес» атты өлеңдер жинағының авторы, А.Тоқмағамбетов атындағы филармониясы жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің мүшесі, мектебіміздің 10 сынып оқушысы Піржан Сандыбай ұстазы Мұхтар Мәуленұлына арнау өлеңін арнады. «Жас қалам» әдеби үйірмесінің мүшелері, 8 сынып оқушылары Әбдінағи Ақбота, Садық Мансұр, Шайұзақов Әлібек «Абай жолымен» республикалық айтысындағы Мұхтар Мәуленұлы мен Жансая Мусинаның айтысынан үзінділерді жатқа оқыды. Ақын поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтап жүр. Соның дәлелі ретінде әнші оқушыларымыз Мұхтар Мәуленұлының сөзіне жазылған «Біз қазақтың баласы» әнін шырқады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, «Ұлы дала» республикалық сайысының жеңімпазы, Білім беру саласындағы 100 жаңа есім иегері, Білім беру ісінің құрметті қызметкері Тебегенова Гүлбану Түленқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі, оқушылары түрлі шығармашылық сайыстардың жеңімпазы атанып жүрген Есмағамбет Зада Низатуллақызы, 10сынып оқушылары Махамбетжанов Ернұр мен Абжелова Айбибі ақынға деген өз ықыластарын өлеңмен өрнектеп, жүрекжарды арнауларын оқыды. Музыка пәнінің мұғалімі Құсайынова Жұлдыз Әбсадыққызы «Алғыс» өлеңін орындап, кешімізге көрік берді. Кешіміздің қорытындылау сөзін мектеп директоры Садвакасова Жаннат Мылтықбайқызы алып, ақынға ыстық ықыласын білдіріп, өз ризашылығын білдірді.