Last Updated on 13.04.2021 by Nauriz91
Сіздерді 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күнімен ыстық ықыласпен құттықтаймын! Қазақ әйелі – ең әуелі, ардақты ана, асыл жар, отбасының сақтаушысы. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуы мен жүректегі мейрімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр.
Қазақ қызы қашан да сұлулығымен, даналығымен ғана емес, ерлігі және қайсарлығымен дараланған. Қазір де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз бен апа-әпке, сіңлілеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат.
Қымбатты ханымдар!
Отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Саладағы еңбек адамының әл-ауқатын жақсарту жолында атқарып жатқан еңбектеріңізде табыстарға жетіп, үлкен биiктерден көрiнулерiңiзге шын жүректен тілектеспін. Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін! Өмірдегі әйел жаққан шырақ сөнбесін!
Ізгі тілекпен,
Қызылорда қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп директоры
Ж.Садвакасова