1 қыркүейкте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын жариялады. Президент Жолдауда мемлекет дамуы мен ілгерілеуіне байланысты әр салаға нақты тапсырмалар мен міндеттемелер жүктеді. Жолдауда еліміздегі білім саласы да назардан тыс қалған жоқ. Ең алдымен Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылы ұстаздардың жалақысы көтерілгенін және бұл өзгеріс білім саласына тиімді болғанын айтты. Расымен ұстаздар еңбекақысының 25 пайызға көтерілуі педагогика саласын таңдайтындар қатарын арттырды. Өз кезегінде енді білім беру саласына тек үздік деген ұстаздар іріктеліп алынатын болды. Бұл Қазақстанның білім беру деңгейін едәуір көтеретіні анық. Алдағы үш жылда мемлекеттен ұстаздар жалақысын жоғарылату үшін тағы да 1,2 триллион теңге бөлінбек. Демек енді түлектер арасында ұстаздық жолды таңдайтындар көбейеді, өз кезегінде бұл мықты кадр жасақтауға оң пайдасын тигізеді.Одан бөлек, дарынды оқушылар да назардан тыс қалмады. Енді оқушылар да, оларды дайындаған ұстаздар да мемлекет тарапынан сыйақы иемденетін болады. Нәтижесінде оқушылардың білімге деген ынтасы, ал ұстаздардың жұмысқа деген шабыты шарықтауына сеп болмақ.Сондай-ақ ұстаздардың біліктілігін мемлекет есебінен 3 жыл сайын арттырып отыру, жаңа мектептер салу, балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу және мемлекеттік қолдау қатарын арттыру тапсырмалары жүктелді. Аталған міндеттемелер өз деңгейінде жүзеге асып, мақсатына жетсе білім саласындағы жағымды жаңалықтар мен игі өзгерістер қатары толығады. Бастысы өскелең ұрпақтың саналы болуы үшін сапалы білім беру керек. Бұл үшін мемлекет өз тарапынан қолдау да білдіріп жатыр. Ұстаздар да барын салып еңбектенетініне сенім мол.#Жолдау2021